Парламент "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

Бұл шешім үшін мәжілістің 62, сенаттың 35 депутаты дауыс берді.

Заң жобасын парламетнте таныстырған әділет министрі Зағипа Балиева түзетулердің заң нормаларын Конституцияға сәйкестендіру және оның жекелеген нормаларын жүзеге асыру мақсатында жасалғанын атап өтті. Атап айтсақ, парламент депутаттарының санына қатысты өзгерістер енгізілді. Мәселен, снеатты әрбір облыстан және республикалық маңызы бар қала мен астанадан өкілеттілік алған депутаттар құрайды. Ал сенаттың 15 депутатын республика президенті тағайындайды. Мәжіліс 107 депутаттан тұрады, олардың 98-і бүкілхалықтық, тең әрі тікелей сайлау құқығымен құпия дауыс беру арқылы сайланса, 9-ын Қазақстан халқының ассамблеясынан сайланады.

Сонымен бірге, "парламент палаталарының төрағаларының құзыреті нақтыланған". "Мәселен, парламент палаталарының төрағалары палаталарға Конституциялық кеңестің екі, Орталық сайлау комиссиясының екі, Есеп комитетінің үш мүшесін тағайындауға ұсынады. Парламент палаталарының төрағаларының екі орынбасары болмақ",- деді З.Балиева.

"Саяси партиялардың фракцияларының ролін арттыру мақсатына сәйкес, заң жоабсында белгіленгендей, мәжіліс бюросының құрамына фракциялардың жетекшілерін енгізу, фракциялар тек қана мәжілісте құрылатындықтан және мәжіліс негізінен партиялық тізім бойынша құрылатындықтан "фракция" ұғымына жаңа анықтама берілді",- деді министр.

Сонымен бірге енгізілетін өзгерістермен "заң жобасында заңнамалық бастама көтеру құқығы бар тұлғалардың саны ұлғайтылып, конституциялық заңдардың жобаларын қарау тәртібі мен президенттің заңдарға қатысты келіспеушілігін қарау процедурасы бұл мәселені парламент палаталарында жеке қарау шартымен айқындалады".

"Сонымен қатар заң жобасында парламент депутаттарының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртіптері айқындалған. Заң жобасымен парламент сенаты тарапынан заңды қабылдау, соның ішінде, мәжіліс таратылған жағдайда конституциялық заңдарды қабылдау мәселелері реттелген",- деді З.Балиева.

Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін парламент палаталарының бірлескен комиссиясына жолданды. Депутаттар "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заң жобасын 18-маусымда екінші оқылымда қарайды деп күтілуде.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті