Сөйтіп, заң парламентте қабылданды деп саналып, мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 10-маусымда өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар заң жобасын екінші оқылымда қарап, "ҚР заңнамалық актілеріне сайлау заңнамасына қатысты кейбір мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды өз түзетулерімен қоса мәжіліске кері қайтарған.
Атап айтсақ, сенаторлар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске саяси партияларға қатысты көрінеу жалған мәліметтер тарату үшін жауапкершілік жүктеуді қарастыратын толықтыру енгізді. Сондай-ақ, президенттіктен, депутаттықтан немесе басқа да лауазымдардан үміткерлерге сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу құқығын жүзеге асыру барысына тосқауыл қойғаны үшін лауазым иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуды заңдастыратын түзету ескерілді. Осындай құқық бұзушылық оқиғасы үшін 15-25 ең төменгі есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Заң жобасы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес жасалған. Ол сайлау институттарын одан әрі жетілдіруге бағытталады.