Парламент сайлауы Қазақстандағы демократиялық ілгерілеушілікті дәлелдеді, деп санайды АҚШ өкілі

"Бұған дейін де біз алдағы сайлаудың 2007-жылдың мамыр айында жүзеге асырылған конституциялық реформалар үшін шынайы тексеруге айналатынын айтқанбыз. Қазақстан бұл сыннан сүрінбей өтті деп бүгін де айта аламын, бұл демократия жолындағы үлкен қадам", - деді Д. Витт жексенбіде өткен баспасөз мәслихатында.

Дегенмен, ол бұның "алдын-ала берілген баға" екенін атап өтті. "Жалпы жағдай айқындалғанымен, барлық өңірлер бойынша егжей-тегжейлі есеп алғаннан кейін ғана ақырғы тұжырым жасауға болады", - деді Д. Витт. "Сайлаушылардың 80% дауысын жеңіп алатындығына сенімді болған партияға сайлау қорытындысын бұрмалаудың қандай қажеттігі болғанын елестету қиын", - деді ол.

Д. Витт АҚШ байқаушыларының бағасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының қорытындысымен кей тұстарда сай келмеуі мүмкін екендігін жоққа шығармады. " Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы сайлау процессінің ішкі механизмдеріне баса назар аударады, ал біз болсақ сайлауға тарихи тұрғыдан қараймыз да, Қазақстанда демократиялық институттарды аяғынан тұрғызудың тоқтатылмағанын алға тартамыз", - деді ол.

Д. Виттің пайымдауынша, 2007 -жылғы парламент сайлауы өткен сайлаулардан жоғары деңгейде өтті. "Ең басты артықшылығы - сайлаушы шынайы ақпаратқа қаныққан жағдайда таңдау жасау мүмкіндігіне ие болды және дәл осы жайт күреске әділетті, адал әрі еркін өту сипатына ие болдырды", - деп санайды АҚШ өкілі.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті