Парламент сенатының депутаттары сайлауының мерзімі жарияланған сәттен бастап ҚР Орталық сайлау комиссиясына азаматтардан 10 хат келіп түсті

Бұл туралы бүгін, 18-тамызда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков шетелдік бақылаушылармен кездесу барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Астана қаласынан 3, Алматы және Жамбыл облысы бойынша 2, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша 1 хаттан келіп түсті",- деді комиссия төрағасы.
О.Жұмабековтың түсініктемесіне сәйкес, 2 хат депутаттықтан үміткер ретінде ат ұсынған қазіргі сенат депутаттарынан келген. Онда "жергілікті атқарушы билік сайлаушылардың қолын жинауға кедергі келтіріп, заңсыз әрекеттерге барды-мыс" деген шағым айтылған екен. "Бұл шағымдар дәлелденбеді",- деді О.Жұмабеков.
Ал 4 хатта аумақтық сайлау комиссияларының іс-әрекетіне шағым айтылған. "Арыз иелеріне комиссиялардың сайлау туралы заң шеңберінде жұмыс істегені туралы жауап берілді",- деді комиссия төрағасы.
Сонымен бірге ҚР Орталық сайлау комиссиясына сайлау туралы заңға түсініктеме беру жайында екі өтініш келіп түскен. "Өтініш иелерін қызықтырған сауалдар бойынша толыққанды түсініктеме берілді",- деді ол.
Сонымен бірге "сенат депутаттығынан үміткер бір адамға шара қолдану дерегі тіркелді". Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы бір үміткерге "Сайлау туралы" конституциялық заңның 27-бабы, 10-тармағын бұзғаны үшін ескерту берілді. Бұл бапқа сәйкес сайлау алдындағы науқан кезінде кімде-кімнің суретін оның келісімінсіз пайдалануға тыйым салынған. Ал үміткер болса БАҚ-тарда өзінің үкімет басшысымен бірге түскен суретін басып шығарыпты. "Осынау заң бұзу дерегі үміткерді тізімнен алып тастауға негіз болмайтындықтан", Орталық сайлау комиссиясы үміткерге ескерту жасаумен шектелді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сенат депутаттарының сайлауы 19-тамызда өтеді. Қазіргі жағдаймен сайлауға 36 адам үміткер ретінде тіркелген. Үміткерлер үгіт-насихат науқанын аяқтады.
1999-жылдың 17-қыркүйегінде сайланған 16 сенатордың өкілеттілік мерзімі биыл аяқталады.