Парламент сенатының жаңа құрамы 1-желтоқсанда жұмысқа кіріседі

Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, 1-желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен сенаттың жаңа құрамдағы жалпы отырысы өтеді. Президент сенаттың жаңа спикерінің кандидатурасын палатаға ұсынады деп күтілуде. Сонымен бірге вице-спикер мен палатаның салалық комитеттерінің төрағалары сайланады.

Ал бүгін, 29-қарашада сенаттың бұрынғы құрамының соңғы жалпы отырысы болды. Отырыста сөз сөйлеген палата жетекшісі Нұртай Әбіқаев "алты жылда тындырған ауқымды істері үшін" сенаторларға ризашылығын білдірді. "Парламентің екі палаталы құрылымы өзінің қажеттігін тағы бір дәлелдеді",- деді ол. "Кейінгі 6 жылда заң жобаларының тең жартысынан астамы сенат тарапынан түзетіле толықтырылып, мәжіліске кері қайтарылған",- деді сенаттың жетекшісі.
Н.Әбіқаевтың айтуынша, 6 жылда парламент 700-ден астам заңды қабылдады. Оның ішінде 7 кодекс пен 141 жеке заң қабылданып, 280 халықаралық келісімдер мен шарттар бекітілді.
"Сіздер егеменді еліміздің іргетасын қалауға лайықты үлес қостыңыздар. Көптеген күрделі әрі даулы заң жобаларын талқылауда сенаторлар нағыз отансүйгіштер, мемлекеттің қамын шынайы күйттеушілер ретінде таныла алды. Сіздер эмоцияның жетегінде кетпей, мемлекеттің мүддесін бірінші кезекте басшылыққа ала білдіңіздер",- деп мәлімдеді Н.Әбіқаев.
Өздеріңізге мәлім, биыл 1999-жылдың 17-қыркүйегінде сайланған 16 сенатордың өкілеттілік мерзімі аяқталады. Сенат сайлауы 2005-жылдың тамыз айында өтті. Соның нәтижесінде қазіргі 8 сенат депутаты қайтадан сайланса, 8 адам жаңадан өкілеттілікке ие болды.