Парламент шығыстарын 15,2 пайызға қысқартты

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова мәлім етті.

Г.Қарақұсова өз сөзінде ағымдағы жылы республикалық бюджет шығыстары нақты қанша теңгеге қысқаратыны әзірше белгісіз екендігін атап өтті. «Дегенмен, кеше Елбасы республикалық бюджет шығыстарын 700 млрд. теңгеге қысқарту туралы тапсырма берді. Келесі аптада бюджет Парламентте қаралады, сол кезде нақты шығыс көлемі белгілі болады», - деді ол.

Сонымен қатар ол Парламент бюджеті Мәжілісте қаралғанын айта келе: «Әрине, әр бағдарлама әкімшілері өз шығыстарын қысқартты. Парламент те өз шығыстарын 15,2 пайызға қысқартқан болатын», - деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Рашид Ахметов БАҚ өкілдерінің сауалына орай мұнай бағасы көтерілсе республикалық бюджет қайта қаралатын айтты.


«Мұнайдың ағымдағы не келер жылы құны қандай болатын нақты ешкім айта алмайды. Дегенмен, мұнай бағасы көтеріліп, әлемдік экономикада өзгерістер байқалған кезде республикалық бюджеттік кіріс және шығыс бөліктері қайта қаралатын болады», - деді ол.