Парламент табиғи монополия субьектілерінің іс-қызметін реттейтін заңды қабылдады

Бұл шешім үшін отырысқа қатысқан мәжіліс депутаттары түгелдей дауыс берді.

Мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалиновтың түсініктемесіне сәйкес, сенаторлар бұл заңның жобасына редакциялау сипатындағы 14 қосымша енгізген. Түзетулерді қараған мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму жөніндегі комитеті "келісім комиссиясын құрмай-ақ сенаторлардың түзетуімен келісуге мүмкіндік бар деген тұжырымға келді",- деді Ш.Оразалинов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы агенттікке тарифтердің шектеулі мөлшерін орта (3 жылға) және ұзақ (5 жылға) мерзімді белгілеу мүмкіндігін береді.
Тариф саясаты саласындағы қосымша шара ретінде заң жобасында инвестициялық тариф қарастырылған. Ондай тарифті табиғи монополия субьектісі белгілі бір тұтынушылар тобының мүддесіне қатысты инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырған жағдайда белгілей алады.
Заң жобасында сондай-ақ, табиғи монополия субьектісіне екі түрлі міндеттеме жүктейді, атап айтсақ, субьект іс-қызметінің негізгі құралдардың техникалық ахуалына қатысты бөлігіне 5 жылда бір реттен кем емес, ал қаржылық ахуалына 2 жылда бір рет тәуелсіз сараптама жасатып тұру.
Сондай-ақ, заң жобасында табиғи монополия субьектісінің іс-қызметін шектеу туралы норма нақтыланған. Мәселен, табиғи монополия субьектілеріне төменде аталған жағдайлардан өзге іс-қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салынады: егер процесс реттелуші іс-қызметпен технологиялық тұрғыда байланысты болған жағдайда; табиғи монополиялар саласына қамтылған реттелетін қызмет түрінен түскен кіріс көлемі рынок субьектісінің өз іс-қызметі нәтижесінде бір жылда табатын пайдасының 1 процентіне аспаған жағдайда; басқа іс-қызмет түрлерінен табатын кіріс мөлшері табиғи монополия субьектісінің жалпы іс-қызметінен бір жылда түсетін кірістің 5 процентінен аспаған және табиғи монополиялық қызмет көрсетуші құрылымдық бөлімшені ұйымдастыру және аумақтық тұрғыда бөлшектеу мүмкін болмаған жағдайда;
Заң жобасы бойынша жылдық пайдасы 350 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын табиғи монополия субьектісінің іс-қызметін мемлекеттік реттеудің жеңілдетілген тәртібі енгізіледі. Жеңілдетілген тәртіп осындай кәсіпорындар үшін үш жылда бір мәрте міндетті аудиттік тексеру өткізіп тұруға негізделген.
Заң қабылданды деп саналып мемлекет басшысынң қол қоюына жіберілді.