Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл заң теңізде мұнай өндіру операцияларын жүзеге асыру барысында Өзара өнім бөлісуге қатысты келісімдерге құқықтық база қалыптастырады. Заңның көмегімен өнімді өзара бөлісу шартымен теңіздегі блоктарды пайдалану мерзімі айқындалады. Мәселен, Өзара өнім бөлісу туралы келісімнің күшінде болу мерзімін тараптар келісімге қол қойылған сәтте қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес белгілейді. Бұл орайда келісімнің мерзімі барлау және өндіру шараларын қоса атқарған жағдайда 35 жылдан, тек өндірумен шұғылданған жағдайда 25 жылдан, ал бірегей қорларды игерген жағдайда 45 жылдан аспауға тиіс.
Сонымен бірге заң Ұлттық компанияға теңізде мұнай өндіру бойынша Қазақстан қол қойған өзара өнім бөлісу жөніндегі барлық келісімдерге мердігер ретінде 50 проценттен кем емес үлеспен қатысып отыруға құқық береді. Сонымен бірге мердігер ретінде бірнеше ұйым қатысатын Өзара өнім бөлісу жөніндегі келісім бойынша құзыретті мекемені ҚР үкіметі анықтайды деген ереже енгізілді. Бұл жерде аталмыш мекеменің функциясы Ұлттық компанияға екі жағдайда ғана жүктеледі. Біріншіден, Ұлттық компания жер қойнауын пайдалану туралы құқығын өзіне тиесілі еншілес компанияға өткеріп берген жағдайда, екіншіден, жобадағы өз үлесін сатқан жағдайда. Қалған жағдайларда бұл функцияны үкімет мемлекеттік мекемеге немесе аталмыш келісім бойынша мердігер болып табылмайтын ҚР өзге заңды тұлғасына жүктейді.
Сонымен бірге заңда мұнай операцияларын өткізу құқығына ие болу үшін байқауға қатысу шарттары регламенттеледі. Мәселен, мұнайды бірлесіп барлау және өндіру жұмыстарын жүзеге асыруда Қазақстан жағының міндетті түрде қатысуын қарастыру, сонымен қатар мұнайдың белгілі бір көлемін міндетті түрде Қазақстан аумағында өңдеу үшін сатуды қарастыру ұсынылып отыр.
Заңда белгіленгеніндей, болашақ мердігер тарапынан жоғары технологияларды, жаңа және өңдеуші кәсіпорындарды, магистралдық және басқа да құбырларды дамыту, сондай-ақ, инфрақұрылымдық және басқа да нысандарды салып бірлесе пайдалану туралы жасалған ұсыныстар - байқау жеңімпазын іріктеудің басты шарттары болмақ.
Заң мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды.