Парламент ұйымдар қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауыл қоятын құжатты қабылдады

Нәтижесінде Мәжіліс сенаторлар енгізген өзгерістермен келісіп, құжатты қабылдады.

Құжат Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Аталған тұжырымдамада тіркеу, рұқсат беру-лицензиялау рәсімдерін оңайлату, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауылдар қою жөніндегі жұмыстарды жалғастыру мәселесі қарастырады. Осыған орай, заң жобасымен заңды тұлғаны құру рәсімін оңайлату жөнінде бірқатар шаралар көзделіп отыр. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеудің рұқсат беру тәртібін хабарлама тәртібіне көшіру қарастырылады. Интернет желісі арқылы тіркеу енгізіліп, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу және филиал мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы куәліктің қағаздағы қалпы электрондық анықтамаға ауыстырылады. Бұдан бөлек, тіркеу барысында шаруашылық серіктестігінің жарғысын ұсынуды алып тастау көзделеді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат редакциялық нақтылау сипатында түзетулер ұсынған болатын.