Парламент жарнама туралы заңға өзгертулер енгізу жөніндегі заң жобасы бойынша келісім комиссиясын құрады

"Сенат депутаттары 22 өзгерту енгізді, бірақ олардың бірқатарын комитет қабылдай алмайтындықтан келістіруші комиссияның қарауына жіберу ұйғарылды",-деп мәлімдеді бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Күләш Ағатаева.

Осыған дейін айтылғандай, заң жобасы шылым және шылым өнімінің жарнамасына тыйым салып, қораптың жоғарғы жағындағы шылым шегу зияндылығы туралы ескерту көлемін 30% ұлғайтуды көздейді.

Ішімдік және шылым өнімдеріне жасырын немесе жанама жарнама жасауға тыйым салу үшін түрлі шаралар ұйымдастыру, оның ішінде ұтыс ойындары арқылы жарнамалауға тыйым салу ұсынылуда . Сондай-ақ, тауарды (жұмысты , қызметті ) , ішімдік немесе шылым өнімі ретінде танымал тауар белгісін , атауын жарнамалауға тыйым салу ұсынылып отыр.

Осыған дейін сенаторлар мәжіліс депутаттарының енгізген сыра және құрғақ табиғи шарапты жарнама жасауға рұқсат беретін ережелерімен келіспейтіндіктерін білдірген болатын. Оған қоса, жоғары палата депутаттары тауар белгісіне қатысты бірқатар өзгертулер енгізуді ұсынып отыр.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті