Депутаттардың хабарлауынша, қазіргі жағдаймен 10 депутат енген, алдағы уақытта тағы да бірқатар депутаттар қосылуға ниет білдіріп отыр. Н.Жылқышиевтің айтуынша, топ құру туралы бастамашылардың басты мақсаттарының бірі - тек қазақтарды ғана емес, сонымен бірге басқа ұлттан шыққан депутаттарды да қолдау болып табылады. Осы орайда депутаттар "топ жекелеген тілдер мен ұлттардың артықшылығын паш ету үшін құрылып отырған жоқ" деп мәлімдеді. Бастаманың басты мақсаты - мемлекеттік тілді дамытуға қолдау көрсету.
"Тілдер туралы" заң "лайықты жұмыс істей алмай отыр" ,- деп атап көрсеткен Н.Жылқышиев : "мемлекеттік тіл өміріміздің барлық саласына дендей енуі тиіс. Бірақ әзірге біз мұндай жағдайға қол жеткізе алмай отырмыз",- деді.
С.Әбдірахманов мемлекеттік тілді қолдау мақсатында топ тарапынан ұсынылып отырған нақты ұсыныстарды жария етті. Мәселен, мәжіліс депутаты қазақ тілінде жеке бағдарламалар жасаушы телерналарға салықтан жеңілдік жасау мүмкіндігін қарастыруға мүмкіндік бар деп санайды. Сонымен қатар ол қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметкерлерді марапаттау мүмкіндіктерін де жоққа шығармайды. Жаңа топқа мүше-депутаттар сонымен қатар қазақ тіліндегі мектеп оқулықтарының сапасы мен мазмұнына сараптама жасауға атсалыспақшы.
Парламентте қазақ тілін қолдау жөніндегі депутаттық топ құру туралы бастаманы мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов қолдады.