Оларға Павлодар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бастығы Көпешевпен алдын ала ымыраласып, «Ақбұлақ», «Балапан» және «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында бөлінген жалпы сомасы 133,6 млн. теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдік келтірілуде. Бұл жайында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қарашасында Павлодар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бастығы Көпешевке Павлодар ауданына қарасты Заря ауылындағы екі пәтерлі үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы активтерін заңсыз алды деген айып тағылған болатын.
Ал ағымдағы жылдың 16 қаңтарында Көпешевке қатысты «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында қызметтік өкілеттігін пайдаланып, бюджет қаражатын ұрлау фактісімен бірнеше қылмыс қозғалған еді.
Ол Павлодар ауданының бірқатар ауылында 6 пәтерлі үйді және электрмен жабдықтауға арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды сатып алуға бөлінген 98,8 млн. теңгені жұмыстардың орындалуы туралы жалған актілер жасау арқылы ұрлағандығы үшін айыпталуда.
Сондай-ақ Павлодар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Г.Арыстанбековаға қатысты 16 қаңтар күні қылмыстық іс қозғалды. Оған 2009 жылы аталған бөлімнің бастығы міндетін атқару кезінде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Чернорецкое ауылындағы балабақшаны жаңғыртуға бөлінген 1,1 млн. теңгеден астам қаржыны жұмыстардың орындалу актісіне жалған мәліметтер енгізу арқылы ұрлады деген айып тағылуда.
Қылмыстық іс тергелуде, нәтиже жария етілетін болады.