Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 4-қыркүйек күні таңертең ерте Құлынды-Шарбақты тас жолында Қазақстан-Ресей шекарасынан 17 шақырымда Новосібір қаласынан Павлодарға бет алған жолаушы тасымалдаушы "Вольво" автобусы мен қарбыз тиеп Жамбылдан Ресейге қарай бара жатқан КамАЗ жүк машинасы бетпе-бет соқтығысып қалған болатын. Апат салдарынан екі жүргізуші мен автобустың екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал апат салдарынан жарақаттанған 31 жолаушы Шарбақты аудандық ауруханаға жатқызылып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін Павлодарға жіберілген болатын.
5-қыркүйектегі жағдаймен, Павлодар қалалық 1-ауруханада 16 зардап шегуші, соның ішінде 7 Ресей азаматы жатыр. Олардың бірі аурухананың реанимация бөлімінде әл үстінде жатыр, оған дәрігерлер "пневмоторакс" деген диагноз қойды. Апат салдарынан зардап шегушінің қабырғасы сынып, өкпесіне кіріп кеткен.
Павлодар облыстық ауруханасында тағы да 8 адам жатыр, олардың үшеуі Ресей азаматтары. Олар көбінесе жеңіл жарақат алғандар,- дейді Н.Молчанов.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінде нақтыланған дерек бойынша, апат салдарынан барлығы 37 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болды. Зардап шеккендердің арасында Ресейлік 15 азамат бар. Қазіргі таңда апаттан мерт болған Рената Васильевна Даниленконың азаматтығы анықталмай отыр. Ал мерт болған өзге 3 адам Қазақстан азаматтары.
Н.Молчановтың айтуынша, халықаралық келісімге сәйкес, Қазақстандықтармен бірдей Ресейліктерге де тегін дәрігерлік көмек көрсетілуде. Стационарлық емдеуді талап етпейтін апат құрбандары өз бетімен немесе туысқандарының көмегімен үйлеріне оралды.
Бүгінде Павлодардағы жедел медициналық көмк беру жөніндегі Орталықта зардап шегушілер мен қайтыс болғандардың туыстарының ақпарат алуына арналған шұғыл телефон жұмыс істеуде. Орталық мамандарының айтуынша, кешеден бері Павлодар облысы мен Ресей жақтан қоңыраулар түсуде. "Зардап шегушілердің денсаулық ахуалына олар ауруханадан шыққанға дейін қадағалайтын боламыз",- деді орталық басшысының орынбасары.