Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы осылай деп мәлімдеді.
«Еуроодақтың Ресейге, Ресейдің батысқа қатысты санкцияларына байланысты облыста азық-түлік бағасы қымбаттайды деген қауесеттің негізі жоқ», - деп дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылық басқармасы жетекшісі Жанат Шұғаев мәлім етті.
Оның айтуынша, «баға азырақ қымбаттауы мүмкін, бірақ, жалпы жағдай тұрақты».
Айта кетейік, бұның алдында дүйсенбі күні Павлодарда әлеуметтік нан қымбаттады деген ақпарат болған.
Павлодар нан-тоқаш комбинатының хабарлауынша, «Тау нан» деп аталатын бөлке нан бұдан былай бұрынғы 47 теңгенің орнына 54 теңгеден сатылады.
«Нанды сату бағасының қымбаттайтыны туралы қала әкімдігінен бастап монополияға қарсы комитетке дейінгі барлық мемлекеттік органдарға хабарланды. Нанның қымбаттауына басты себеп – жанар-жағармай, шикізат пен коммуналдық қызмет құнының көтерілуі. Кәсіпорын 2,5 жылдан бері әлеуметтік нан бағасын бір қалыпта ұстап келді», - деп түсіндірді комбинат өкілі.
Жергілікті билік кәсіпорындағы жалақының төмендігі мен оның дер кезінде төленбеуіне қатысты проблемалардан құлағдар.
Оның үстіне, ашылғанына 50 жылдан асқан комбинатта қондырғылар да жаңартылмаған.