Павлодар мен Қарағанды алқаптарына жан бітірген Сәтбаев каналы

Суару маусымы басталғалы Сәтбаев атындағы канал Қарағанды және Павлодар облыстарындағы 28,6 мың гектардан астам егістік алқапты сумен қамтыды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, картоптан бастап көпжылдық шөптерге дейінгі оннан аса дақылдың өнімін сақтауға және арттыруға шешуші рөл атқарды.

Қарағанды облысында 10,8 мың гектардан астам, Павлодар облысында шамамен 17,8 мың гектар егістік суарылды. Аймақтарға жеткізілген су көлемі де ауқымды: Павлодар облысына 13 миллион текше метрден астам, Қарағанды облысына  5,6 миллион текше метрден артық су келген. 

2025 жылы канал әкімшілігі екі өңірдің шаруаларымен 40 келісімшарт жасап, суару кестесін алдын ала жоспарлады. Бұл өнім шығымына төнетін тәуекелдерді азайтып, фермерлердің жұмысын жеңілдетті. Канал басшысы Оңдасын Жиенқұловтың айтуынша, мұнда негізінен жаздық дәнді және майлы дақылдар, картоп, жүгері, көкөніс пен көпжылдық шөптер өсіріледі.

Сәтбаев атындағы канал – Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы стратегиялық нысан. Ол су ресурстарын негізгі егістік алқаптарға жеткізіп, қуаңшылық пен құбылмалы климат жағдайында өнім тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Павлодар облысында суару суы өте маңызды, өйткені егістік жердің көп бөлігі тұрақты ылғал қажет ететін картоп пен көкөніске арналған. Қарағанды облысында канал суы дәнді және мал азықтық дақылдардың өнімін арттырып, мал шаруашылығын дамытуға тікелей ықпал етеді.

Министрлік дерегінше, биылғы маусымда су жеткізу тиімділігін арттыру шаралары енгізілді. Оған сорғы жабдықтарын жаңғырту және тарату жүйелерін оңтайландыру кіреді. Бұл су ресурсын алқаптарға жеткізу уақытын жеделдетіп қана қоймай, тасымалдау кезінде шығындарды да азайтуға мүмкіндік берді.

Осылайша, 2025 жылғы суару науқаны су шаруашылығы мамандары мен фермерлердің үйлесімді жұмысы қиын климаттық жағдайда да тұрақты өнім алуға жол ашатынын көрсетті. Сәтбаев атындағы канал елдің азық-түлік қауіпсіздігі тізбегінде сенімді буын болып қала береді.