"Жыл сайын егіс науқаны басталмай тұрып Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде Ауылшаруашылығы министрлігі, негізгі ресурс қожайындары, яғни, мұнай қожайындары мен негізгі өңдеушілердің қатысуымен кездесулер өткізіліп, меморандумға қол қою дәстүрге айналған. Біздің зауытқа осы жылғы егістікке 113 мың тонна дизельдік отын бөлінген", - деді В. Фомин.
Оның айтуынша, "Павлодар мұнайхимиялық зауыты" АҚ еліміздегі астықты бес аймақ: Солтүстік Қазақстан , Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы шаруашылықтар үшін жанар-жағармай бөледі. Жергілікті ауылшаруашылығы департаментінің мәліметінше, зауыт бөлген жанар-жағармайдың жалпы көлемінің 13 мың тоннадан астамы Павлодарлық ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі егіс науқанына деп бір литріне 63,5 теңгеден бөлінеді. Қазіргі жағдаймен шаруашылықтар көрсетілген көлемнің 15% көлемінде отын алды. Павлодар облысының аумағындағы егіс науқаны мамырдың басында басталады. Қазір егіс алаңдарында ылғал қорғау шаралары жүргізілуде.
"Биыл ауылшаруашылығы өнімдеріне бағаны көтермеу туралы меморандумдарға қол қойылғаны белгілі. Біздің зауыттың мақсаты - тұтынушыларды тұрақты қамтамасыз ету, Павлодар мұнайхимиялық зауыты үшін дизельдік отын бағасы бір тоннасына $625 болады деп айқындалған", -деді зауыт бас директорының міндетін атқарушы.
Оның айтуынша, зауытта шаруаларға егіс науқаны кезінде дизельдік отынды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті барлық шаралар қолданылған. "Меморандумға қол қойылды, дизельдік отын жеткізіліміне қатысты ешбір сұрақ тумайды деп ойлаймын", - деді В. Фомин.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Павлодар мұнайхимиялық зауыты биыл мұнай өңдеу көлемін 4,5 млн тоннаға жеткізбекші. Ал 2007 жылы кәсіпорын 4 млн 276 мың тонна мұнай өңдеді, бұл 2006 жылғы көрсеткіштен 15% жоғары (3 млн 897 мың). Осы жылдың бірінші айында зауыт 700 мың тоннадан астам мұнай өңдеді.
Павлодар мұнайхимиялық зауыты 1978 жылы салынған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 7,5 млн тоннаны құрайды. Шикізатты өңдеу тереңдігі - 85%. Технологиялық тұрғыдан зауыт Ресейдің Батыс Сибирь кеніштеріндегі мұнайды өңдеуге бағытталған.