Павлодар облысы 2005-жылы 950 оралман отбасын қабылдады

2004-жылы 720 отбасын, 2003-жылы 565 қазақ отбасын қабылдаған Павлодар облысы биыл ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сонымен бірге биыл екінші жыл мұнда Ресейден оралған қандастарымыздың отбасылары қоныстануда.

Шетелдерден оралған қазақтарды жайғастыру және құжаттарын рәсімдеуге республикалық бюджеттен 575 млн. теңге бөлінді. Оларға тұрғын үй сатып алуға отбасының әрбір мүшесіне 100 ең төменгі есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржы бөлінумен бірге отбасының әрбір мүшесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір мәрте мемлекеттік арнаулы жәрдемақыға қоса жол ақысы мен азаматтық алу шығындары өтеліп берілуде. "Бүгінде қоныс аударған барлық қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарын тапсырды",- дейді И.Әбдіхалықов.
2004-жылға дейін облыста қоныстанушыларды аудандарға таратып орналастыру үрдісі қалыптасса, қазір оралмандар мекенденетін жерін өз бетімен таңдауда. И.Әбдіхалықовтың айтуынша, қазір көшіп келушілер Қашыр, Ертіс, Шарбақты аудандары мен Павлодар, Ақсу және Екібастұзда орналасуда. Мұндай ірі елдімекендерде оларға жұмыс табу оңайға түседі.
Соған қарамастан, облыста оралмандарды жұмысқа орналастыру тауқыметі сақталып отыр. Тұрақты жұмыс таба алмаған қандастарымыз маусымдық жұмыстардан нәпақа тауып, сауда-саттықпен шұғылдануда.
Көші-қон басқармасы маманының айтуынша, кейінгі жылдары көшіп келіп жатқандардың арасында зейнеткерлер азайып, жастардың үлес салмағы артты.
Павлодар облысында 1990-жылдардың басынан бері қоныс аударған 18 мыңдай репатрианттар тұрады. Алдағы жылы облыс квота бойынша Өзбекстан, Ресей және Монғолиядан 700 отбасын, ал 2007-жылы 950 отбасын қабылдамақшы.