Бұл жөнінде бүгін аймақ басшысы Болат Бақауовқа Май ауданына жасаған жұмыс сапарында «Директ» ЖШС-ның басшысы Бекболат Абгужин мәлім етті. «Елімізде дәл біздікі тәрізді кәсіпорын жоқ десе болады. Себебі мұнда көмірдің 90 пайыздан астамы шахталық тәсілмен алынады. Осыған дейін күніне төрт вагон көмір шығарып жүрсек, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 вагонға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жұмыс орны 70-тен 350-ге дейін артады. Жұмыскерлердің 70 пайызы Май ауданының тұрғындары болады. Неміс және норвегиялық техникамен секундына 600 тас рентгнен сәулесінен өтеді. Бұған дейін де алмас тастарына дәл осы әдіс қолданылды» - деп атап өтті Б. Абгужин. Серіктестік басшысының айтуынша, бір тонна байытылған көмір 15 мың теңгеден сатылуда. Ал, Донбасста мұндай көмір 70 доллардан саудаға қойылады.
«Бізде өндірілетін құнарлығы бес мың тонна көмір жанған кезде жағымсыз түтінің иісі таралмайды. Сондықтан да бағасы қымбат. Мысалы, екібастұздық көмірдің ауаға ұшып кету қасиеті 24 пайыз болса, Майкөбе мен Сарыкөл көмірі 45 пайызды құрайды. Ал, біздің өнімнің мұндай қасиеті бар жоғы сегіз-тоғыз пайыз ғана. Басты артықшылығы - осында», - деді Бекболат Абгужин. Естеріңізге сала кетсек, «Директ» ЖШС елді мекені 2028 жылға дейін пайдаланылады. Байытылған көмір Қырғызстан, Өзбекстан мен Украина нарығына шығарылуда.