KZ-today тілшісінің хабарлауынша, соңғы тәуліктерде Павлодар облысында күн райының әдеттен тыс жылынуы байқалды. Облыстық гидрометеорология орталығының ақпаратына сүйенсек, қалада қазіргі маусымға мүлдем сәйкеспейтін ауа температурасы тіркеліп, сынап бағанасы 3 градус жылылықты көрсеткен. Осыған байланысты қар жаппай еріп, кей жерлерде жаңбыр жауып, көктайғақ түзілді.
Дейтұрғанмен, ауа райын болжаушылар күннің жылынуы тым ұзаққа созылмайды деп отыр. Гидрометеорологиялық орталық қазірдің өзінді күн райының шұғыл өзгеретіндігі туралы ескерту жариялады. 11-ақпанға қараған түні ауаның температурасы -10 - -15 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Қарлы боран соғып, жолдарда қатты көктайғақ түзіледі. Желдің жылдамдығы секундына 20, кей жерлерде 25 метрге дейін күшейеді.