Павлодар облысында боран ескертуі жарияланды: ауа-райының нашарлауынан Астанаға қатынайтын жол жабылды

"Болуы мүмкін штаттан тыс жағдайлардың алдын алу үшін барлық апаттық-шұғыл қызметтер дайындыққа келтірілді", - деп атап көрсетті төтенше жағдайлар департаменті.

Департамент бастығының орынбасары берген мәліметтерге сүйенсек, ауа-райының жағдайына байланысты бүгін түсте Екібастұз - Астана бағытында көлік қозғалысына уақытша тыйым салынды.

Агенттік тілшісі хабарлағандай, өткен түнде облыс аумағында қалың қар жауған. Синоптиктердің мәліметтеріне сүйенсек, жауын-шашынның айлық мөлшерінің ширек бөлігі жауған.

Осыған байланысты Павлодарда таңертеңнен бері қала көшелерін қардан тазарту үшін 15 техника мен 160 адам жұмыс істеуде. Екібастұзда 9 техника мен 18 адам жұмылдырылса, Ақсу қаласында 6 техника мен 25 адам қарды тазалау үстінде. Қауіпті жерлерде тұз бен топырақ қоспасын себу жұмыстары жүргізілуде.

Халықаралық Павлодар - Омск, Павлодар - Новосибирск, Павлодар - Барнаул, Павлодар - Семей, Павлодар - Курчатов бағыттарындағы жағдай бір қалыпты. Облыс аумағында ұзындығы 1 510 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдарды қардан тазарту үшін 77 техника, облыстық маңызы бар жолдар үшін (3 909 шақырым) 95 техника жұмылдырылған.