-Аққулықтар үшін мұнда шашылып жатқан адам сүйектері үйреншікті көрініске айналған. Тұрғындар өзен суы көтерілуімен жағалауға қалқып шыққан қалдықтарды өздері жинап, жерлейді. Айтуларынша мұнда ағашқа салынып көмілген балалардың да сүйектері табылған.
Владимир Серебряков сыры белгісіз сүйектерді алғаш аңғарғандардың бірі. Тасыған өзен суы ауыл маңындағы қорымды шайып, мүрделерді жағалауға шығарып тастаған. Кейін ағаш пен құмнан құйылған табыттар да табылды дейді тұрғын.
Владимир Серебряков, Аққу ауылының тұрғыны:
– Күн жылынса балалар шомылып, жағалауда жүреді. Сүйектерді алып ойнап жүргендері де бар. Құм арасынан темір ақшаларды тауып алғанын да көрдім. Бұған дейін бірнеше рет қапқа салынған адам сүйектерін қайта көмдік. Қаңқалар жиырма жылдан бері жатыр мұнда.
Ауыл тарихын бес саусағындай білетін қария бұл жерде бұрын шіркеу мен мектептің болғанын айтады. Тек мұнда қабірлердің барын өңірде бір жан білмейді екен.
Еңлік Балтабаев, Аққу ауылдық аймағының әкімі:
-Бұл сүйектердің тарихын қазіргі ақсақалдарымыз да білмейді. Біз осы жылы дұрыс рәсіммен осы сүйектерді жерледік. Су тасқыны түскеннен кейін тағы да осы жұмыс біздің қадағалауымызда.
Атқамінерлер биылғы жазда мәселені түбегейлі шешеміз деп сендіруде. Ал бұған иланбаған ауыл жұрты әлі де аршылып шығып жатқан адам қалдықтары түрлі індет әкеле ме деп қорқады. Оның үстіне, 20 жылдан бері шашылып жатқан сүйектерді зерттеуге ешкім құлықсыз.
Loading...