Павлодар облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған үй жылусыз қалды

-Бір жыл бұрын жаңа үйге кірген көп балалы отбасылар мен жетімдер қараша басталғалы тоңып отыр. Тұрғындар бұған жылуды дер кезінде бермеген шенеуніктерді кінәлайды. Соның кесірінен қатты қысымға шыдамай жарылған батарейлерден қазір су сорғалап ағып тұр.

Зәмзәгүл Рахметованың азынаған үйде екі ұлымен бірге өзінің де денсаулығы сыр бере бастапты. Отағасының бар тапқанын дәріге жұмсайды. Бұлай жалғаса берсе, пәтер ақысын төлеу қиынға соғады дейді.

Зәмзәгүл Рахметова, Ақсу қаласының тұрғыны:

-Батареялар  суық,ыстық су болады, кейде  болмайды. Балалар тоңады, осы жаңа ғана жазылып, міне, енді тағы ауырып, жөтел түгел басталып жатыр. Ауруханадан шықпаймыз.

Былтыр қыста баспанаға ие болған өзге 63 жанұяның да жағдайы осы. Шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршадық дейді тұрғындар.

Арман Серғазин, Ақсу қаласының тұрғыны :

-Басқа сантехниктерді жеке өзіміз шақырдық өз ақшамызға. Істеп алдық та сосын бір жақ бөлігіне жылу берілді, бір жағына берілген жоқ. Міне одан кейін әлі солай боп тұр. Арасында береді сосын қайта қазба жұмыстары болады, өшіріп тастайды. Өшіріп тастағаннан кейін дұрыстап қоспайды.

Ал бұған ықшамауданда болған апат себеп екен. Бүгін ғана жұмысқа кіріскен коммуналдық сала басшылары тәулік ішінде баспаналарға жылу толығымен жеткізуге уәде етті.

Амангелді Иманберлинов, Ақсу қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

-Осы ауданда апаттық жағдай болды.Оның алдын алдық.Жылу береміз бір-екі күннің ішінде.

Аяз күшіне мінсе, жылытқыш құрылғыларының да пайдасы болмайын деп тұр. Ал тұрғындар енді жылу берілмесе прокуратураға шағымданбақшы.

Loading...