"Мигрант" операциясы 11 наурызда басталған. Полицияның ақпаратына сүйенсек, 93 заң бұзушының 81-і ТМД елдерінің азаматтары, ал қалған 12-сі алыс шетелдердің азаматтары. "Өрескел заң бұзушылықтары үшін 12 адамға қатысты ел аумағынан шығарып жіберу туралы шешім қабылданды. Тағы 8 адам қабылдап-таратқыш панажайға жатқызылды", - деп атап көрсетті баспасөз қызметі.
Мысалы, Екібастұздағы операция барысында полиция қызметкерлері Ресей азаматын қамауға алған. 35 жастағы ер адам Қазақстанға заңсыз келіп көші-қон қызметінен жасырынып жүрген. Сонымен бірге, Павлодарда 40 жастағы Әзербайжан азаматы тұтқындалған. Ол да еліміздің аумағында заңсыз жүрген.
Полиция департаменті шетел азаматтарынан басқа төлқұжат-виза ережелерді бұзғаны үшін 37 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның жиырмасы - құжатсыз не тіркеусіз тұруға жол бергені үшін, он төрті - оларға келген шетелдіктердің келу мерзімі өткеннен кейін елден кету шараларын қабылдамағаны үшін, тағы үш адам - шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған.
"Осылардан басқа "Мигрант" операциясының аясындағы шараларды пысықтау барысында полиция қызметкерлері үш қылмыскерді қолға түсірген. Оның бірі адам өлтіргені үшін іздеуде болған", - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі. Мұнда операцияның басты мақсаты заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету, сондай-ақ, гастарбайтерлерді заңсыз пайдалану оқиғаларын анықтау және қылмыстың алдын алу екендігін еске салды.