Қазақ киносының алыбы, танымал әртіс әрі кинорежиссер Шәкен Айманов көзі тірі болса биыл 90 жасқа шығар еді. Ш.Айманов Ертістің жағалауындағы ең бір көрікті жер - Баянауылда туған. Негізгі мерейтойлық шаралар осы жерде өтеді деп күтілуде. Салтанантты шараларға қатысу үшін КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі, Социалистік еңбек ері Бибігүл Төлегенова, "Қазақфильм" ұлттық кинокомпаниясының бас директоры Сергей Азимов сынды танымал өнер және мәдениет қайраткерлері Павлодарға келмекші. Қонақтардың басым бөлігі Ш.Аймановпен тікелей таныс болған адамдар. Еске алу кешіне қатысуға шақыру алғандардың арасында актриса Наталия Арынбасарова, танымал ресейлік режиссер, "72 метр" фильмінің авторы Владимир Хотиненко бар. Павлодар облысында дүниеге келген Владимир Хотиненко туған өлкесіне жиі келіп тұрады.
"Шәкенмен қатар өмір сүріп, онымен дос болғандар, онымен бірге жұмыс істегендер түгелдей оның дарынына бас иеді",- дейді Ш.Аймановтың бауыры, Қазақ ССР-інің халық әртісі Каукен Кенжетаев.
Шәкен Аймановты еске алу күндері 20-шілде, сейсенбіде салтанатты түрде ашылады. Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қаладағы кинотеатрларда бір апта бойы Шәкен ойнаған және Шәкен режиссерлық жасаған фильмдердің көрсетілімі өтеді. Салтанатты шараға қатысушылар үшін жас Шәкеннің балалық шағында қыдыруды сүйетін жерлеріне, соңынан оның фильмдері түсірілген жерлерге экскурсия ұйымдастырылады. Баянауылда шара меймандары Ш.Айманов атындағы мектепте болып, бірегей табиғи мүсін "Кемпіртасты" көріп тамашалайды.