Павлодар облысында шекарадан бір табын қоймен бірге заңсыз өтпек болған Ресей азаматы ұсталды

Шекарашылардың айтуынша, 31 жастағы Ресей азаматын "Шарбақты" заставасының шекарашылары ұстаған. Ол Қазақстаннан 97 қойды Ресейге заңсыз айдап өтуге әрекет жасаған. "Мал ұрланған болуы керек", деп пайымдайды әскерилер.

Тұтқынға экономикалық контрабанда жасау жөнінде айып тағылуда. Істің мән-жайын анықтау облыстық кедендік бақылау департаментінің тергеушілеріне жүктелді.

Бұл мемлекеттік шекараның осы бөлігінде кейінгі кездері ресейлік азаматтар ұсталуға қатысты екінші оқиға. 21-қарашада шекарашылар Ресейдің Алтай аймағы Эстлань ауылының екі тұрғынын қолға түсірген. Шекара бұзушылар мал барымтасымен айналысқан. Олардан 21 жылқыдан тұратын табын тәркіленді.

"Бұл жолы мал Қазақстаннан емес, кері бағытта айдалған",- дейді шекарашылар.

Ұсталғандардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "экономикалық контрабанда" жөніндегі 209-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Павлодар шекара отряды 2001-жылы жасақталған. Шекара сызығын бойлай 11 застава жұмыс істейді. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының Павлодар облысының аумағындағы бөлігінің жалпы ұзындығы 798 шақырым.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті