Павлодар облысында үйлерін тасқын шайған ондаған отбасы далада қалды

-Үш күннен бері ақсулықтар су астында қалған үйлеріне кіре алар емес. Тұрғындардың айтуынша, өзен суы мұнда бөгет ашылғаннан кейін келе бастаған. Соның кесірінен ондаған үйді су басып қалды.

Ахметовтер отбасы осыдан төрт жыл бұрын Ақсу қаласына көшіп келген. Бар жиған-тергендерін сатып, қаражатты мына үйдің құрылысына жұмсапты.Алайда қуаныштары ұзаққа бармады. Сенбі күні лап қойған қызыл су бірнеше үйді шайып өтіпті.

Алмагүл Ахметова, Ақсу қаласының тұрғыны :

-Әкімнің орынбасары Ладышева келіп, сайлаудан кейін көмек болады деп айтты. Әлі күнге дейін, міне, бүгін 27-сі, әлі бір көмек жоқ. Кішкентай үш балам бар. Киімдерді шығарып үлгердік, қалғаны үйде қалды.

Өзен суының бөгет ернеуіне жеткенін көрген тұрғындар апаттың алдын алуды сұрап, төтенше жағдай қызметі мен әкімдікке хабарласыпты. Алайда ондағылар ешқандай қауіптің жоқ екенін айтып сендірген. Ал бөгеттен асқан қызыл су сенбі күні мына үйлердің қабырғаларына жеткен.

Дүйсенбек Ахметов, Ақсу қаласының тұрғыны:

-Дамбыдан бәрі. Ана жерге бір-ақ камаз құм төсесе.Өздері экскаватормен келіп ашып тастады сол бөгетті.Отыз-ақ мың еңбекақы алам жұмысқа қайтадан шақырып жатыр. Отыз мыңмен қайда барамыз біз үш баламен? Көтеріңдер, көтеріңдер дейді бала санын, қайдан көтересің судың астында жатырмыз!

Су басқан он шақты үйдің іргетасы зақымданып, қора-қопсысы құлағалы тұр. Ал апат болған күні оқиға орнына жеткен атқамінерлер «суды сорғызамыз» деп уәде етіп, біржола қараларын батырған. 

Бибігүл Нұркенова, Ақсу қаласы ішкі саясат бөлімінің жетекшісі:

- Бала-шағамызбен қайда түнейміз? Баспана керек. Енді көріп отырсыздар ғой, су келіп жатыр. Техника жұмыс істеп жатыр тәулік бойы.

Әкімдік судың бір мезетте келуін жол құрылысымен де байланыстырмақ болды. Айтуларынша, Ақсу маңында салынып жатқан тас жолдың бойына құрылысшылар су өтетін арық салмай кеткен. Соның кесірінен арна таппаған су тұрғын үйлерге қарай бұрылып кетіпті. Қазір 20 техника мен 50 шақты құтқарушы бөгетті бекітумен айналысуда. Зардап шеккен тұрғындарға қандай да бір көмектің болар-болмасы әзірге белгісіз. 

Loading...