Павлодар облысында үш бірдей ауыл қысқы жем-шөбін қамдай алмай отыр

Малым арам қата ма деп алаңдаған баскөлдіктер арнаның арғы жағына жәутеңдей қарайды. Шүйгін шыққан шөптің орылғаны - алты мың гектар. Тек биыл оны жеткізетін қырық жылғы паром судың астында қалған.

Айтмағамбет Рүстемханов,  Баскөл ауылының тұрғыны:

- Шөпті таси алмасақ, былтырғыдай жұт болады. Жағдай қиын болып тұр қазір. Ауылда тұрған соң күн көріске мал ұстаймыз аз да болса, 10-15 шақты соның өзің асырау қиын болып тұр.

Қуандық Асқаров, Баскөл ауылының тұрғыны:

- Әкімнің өз басында мал барын білмеймін, бірақ жолдасында ірі дөкөй шаруашылықбар. Олар бергі жақтан алып алған ғой бәрін. Бергі жақтың бәрін, сол жақтан шауып жатыр да. Ар жақтағылар солай бәрі жатыр. Әкім бізге көмектесіп жатқан жоқ ештеңе, жұмыс істеп жатқан жоқ.

Ертістің бергі жақтағы шабындық жерлерді өзара бөліскен 2-3 қожалықтың бірі – Баскөл ауылы әкімі Мәдина Құсайынованың жолдасына тиесілі болып шықты. Батып кеткен паром да солардың иелегінде екен. Дегенмен, жұртқа жаны ашымаған әкіммен тілдесу мүмкін болмағандықтан, тікелей аудан басшылығына жолықтық.   


Асхат Жармағамбетов, Май ауданының әкімі:

- Мен техника іздедім, бәлен кран әкелдім. Ана 50 тонналық кранды да әкелдік. Көрдіңіз бе, біз ойладық кранды әкелсек, көтереміз деп көтере алмадық. Жұмыс ітеп жатырмыз.

Батып кеткен паромды шығарып алуға әрекеттенген әкім, әзірге тығырықтан шығар басқа жолды айта алмады. Құны 800 млн теңге болатын көпір салуға да мүмкіндік жоқ, әлбетте.

Шабылған шөпті жеткізудің жалғыз амалы – мына көпір. Алайда айналма жолмен жеткізу үшін шаруаларға 160 шақырымдық жолды еңсеру керек. Бұл шығынды әрі тиімсіз. Оның үстіне көпір апаттық жағдайда екен.

Баскөл, Бозша, Жаңатілек ауылдарының бас ауруына айналған бұл мәселе шұғыл шешілмесе, мұздың қатуын күтуге тура келеді. Ал оған дейін азықсыз қалған мал арып, пышаққа ілінбесе жақсы. Қазірдің өзінде бұл жағдайды пайдаланған алыпсатарлар ауылдағы еттің келісін небәрі 500 теңгеден сатып алып жүр.