Ведомствоның мәліметі бойынша уылдырық шашу кезеңі басталғалы жылжымалы топтар өңірдің тоғандары мен су қоймаларында 90 рейдтік шара өткізді. Инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасы бұзылған 36 деректі анықтады. 20 браконьерге қатысты іс сотқа берілді. Сонымен қатар, Ертіс өзенінде уылдырық шашу кезеңінде кеме жүру ережесі бұзылған екі дерек тіркелді. Келтірілген шығын мөлшері 300 мың теңгені құрады.
"Түрлі тыйым салу жөніндегі мәлімдемелерге қарамастан, біз заңсыз балық аулау заң бұзушылықтарын кездестіріп жүрміз. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы браконьерлер саны айтарлықтай азайды", - деп атап өтті аймақтың балық инспекциясының бастығы Геннадий Ткачев.
Оның сөздері бойынша рейдтік шаралар барысында браконьерлерден 70 келіге жуық балық, 43 балық аулау құралы, соның ішінде 4 қайық және 5 келі түрлі ау тәркіленді. Оның арасында қармақ жібінен жасалған ау да болды ". "Бұл аулар аса қауіпті болып саналады, сондықтан оны уылдырық шашу кезеңінде ғана емес жалпы қолдануға тыйым салынған ", - деп атап өтті балық инспекциясында.
Павлодар облысында 5 мамырдан 15 маусым аралығында уылдырық шашу кезеңінің басталуына орай дала су тоғандарында, Ертіс , Усолка өзендерінде балық аулауға тыйым салынады Ал Қаныш Сәтпаев атындағы су қоймасында (Ертіс-Қарағанды су арнасы), Екібазтұз су қоймасында және Екібастұздың ГРЭС-1 және ГРЭС-2 су қоймаларында 10 мамырдан 15 маусымға дейін балық аулауға тыйым салынады. Балық инспекциясы мамандарының деректері бойынша биылғы жылы балық аулау мерзімі былтырғы жылдан ертерек басталған. Бұл көктемнің ерте келуіне және су тасқынына байланысты.
Заңсыз балық аулауды алдын алу үшін 10 жылжымалы топ ұйымдастырылды. Рейдтік шараларды қорық қызметі, полиция қызметкерлері, ауылшаруашылық министрлігінің аумақтық бөлімшелер мамандары бірлесе отырып өткізеді. Талапты бұзатын браконьерлерге ҚР Әкімшіліктік кодекстің 298-бабының 2-тармағы бойынша жаза қолданылып, іс шұғыл түрде сотқа берілетін болады. Жеке тұлғаларға қатысты 10-нан 20- ға дейін АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл қарастырылған болса, шағын және орта бизнес өкілдеріне 50-ден 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерлерге 100-ден 200 АЕК айыппұл салынып, балық аулауға пайдаланылған құрал жабдықтары да тәркіленеді.
Былтырғы жылдармен салыстырғанда биылғы жылы балық аулаудың барлық түріне тыйым салынып отыр. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап, кеме иелеріне қойылатын талаптар қатаңдатылады. "Суда жүретін барлық көлік түрлерінің қозғалысы тиісті мекемелерде келісіліп жасалатын болады. Бұл талаптарды орындамаған кемелердің жүруіне тыйым салынып, олардың иелеріне айыппұл салынады", деп атап өтті Г. Ткачев
Павлодар облысының аумағында 357 көл, өзен, тоған бар. Сонымен қатар қолдан жасалған 11 су қоймасы және Қ. Сәтпаев атындағы 450 шақырымға созылған су арнасы орналасқан. Ертістің ұзындығы 724 шақырымды құрайды. Балықтың уылдырық шашатын дүстүрлі аумақ жері 373,2 мың гектар. Экологтардың деректері бойынша аймақтағы суларда балықтың 20 түрі бар, оның екеуі Қызыл кітапқа енгізілген.