Павлодар облысында зейнеткер анасын ақша мен телефонын ұрлады деп күдіктеніп, ұрып өлтірген

Оқиғаның мән-жайын Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың 6 ақпанында таңғы сағат 9:00 шамасында 66 жастағы Владимир Б. Павлодар қаласына қосымша жұмысқа бармақ болған. Алайда үйінен әмияны мен Redmi маркалы ұялы телефонын таппай қалған.

Ол заттарын анасы жасырды деп күдіктеніп, оларды қайтаруын талап еткен. Бірақ анасы жоғалған заттарға қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарған. Сондай-ақ ұлын есінен адасқан алаяқ деп балағаттап, ішімдікке салынып, жадынан айырылғанын айтқан.

Бұған ашуланған Владимир анасының халатының жағасынан ұстап, сілкілеген. Сол кезде халатының астынан оның телефоны мен әмияны түсіп қалған. Осыдан кейін екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан.

Анасы ұлының бетін тырнап жібергенде, Владимир ашуға булығып, не істеп жатқанын аңғармай қалғанын айтқан. Ол анасын жанындағы тахтаға итеріп құлатып, жұдырықпен беті мен басынан, кеудесінен ұрған. Артынша жанында тұрған ағаш таяқты алып, басынан бес ретке жуық соққы жасаған.

Біраздан кейін есін жиған ол анасының беті қанға боялғанын көрген. Мойнындағы күретамырын ұстап көргенде, тамыр соғысы сезілмеген. Осыдан соң Владимир көршілеріне жүгіріп барып, жедел жәрдем шақыруды өтінген. Оларға анасының жағдайы нашарлап, құлап жарақат алғанын айтқан.

Марқұмның немересі әрі айыпталушының қызы әкесінің бұрыннан қатыгез болғанын жеткізді. Оның айтуынша, ата-анасы ол кішкентай кезінде ажырасқан. Бұған әкесінің анасын жүйелі түрде ұрып-соғуы себеп болған.

Ажырасқаннан кейін Владимир анасымен бірге тұрған. Алайда ол өз анасын да үнемі ұрып, ішімдікке әуес болған. Қаза тапқан әйелдің немересі айыпталушыға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап, 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы талап қойған.

Ауыл тұрғындары да сотталушыға осындай сипаттама берген.

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Владимир Б.-ны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талап ішінара қанағаттандырылып, марқұмның отбасына 5 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарылды.