-Бір ай бұрын болған өрттен мына жерде орналасқан қорадағы 15 сиыр жанып кеткен. Аулада жатқан мал денесінің қалдықтары мұндағы ит-құстың азығына айналған. Ал бүгінге дейін арнайы сарапшылардың келетініне үміттенген үй иесі төтенше жағдайдың қасақана жасалғанын алға тартып отыр.
Сұңғат Түсіповтің шөбі, 11 тонна көмірі мен қорадағы бар малы көз алдында күлге айналған. Өрт шырт ұйқыда жатқанда тұтаныпты. 20 сиырын сатып, баспана алуды жоспарлаған отағасы енді не істерін білмей дал.
Сұңғат Түсіпов, Ақкөл ауылының тұрғыны:
-Елдің малы ұрланып жатса, менің малым өртке жанып жатыр. Екі бала оқытып жатырмын. Студент, қалада ақылы оқиды. Балаларға үй алам деп жинап отырған малым. Сол бәрі өртке оранды. Құмалақшыға барғанбыз. Ол айтады ауыратын әйел, содан болуы мүмкін.
Ақкөл ауылында осындай оншақты үй әлдекімінің қастандығынан тақырға отырған. Отқа оранған қорадан төрт түлігін құтқарамыз деп мертіккен азаматтар да бар. Әр шаңырақ кемі 1 млн теңге шығынға батыпты.
Аттах Базилов, Ақкөл ауылының тұрғыны:
-Екібастұздан таба алмады. Шөбіңді үйіп алғанда байқап тұрғандай кеп жағады әдейі.
Соңғы өртті сөндіруге келген құтқарушылар сарапатама үшін жанған малдың өлекселерін жинамауды тапсырған. Тек бір ай өтсе де олардан хабар жоқ. Ал үйілген ірі қара ит-құсқа жем болған. Сараптама қорытындысын полицейлер де күтіп отыр.
Азамат Смағұлов, Екібастұз қалалық ІІБ бастығының орынбасары:
-Қылмысты ашу бағытында бүгінгі күнде тергеулік және жедел іздестіру шаралары қолданылды. Өртті қасақана жасады ма, жасамады ма, тек сараптамадан кейін белгілі болады.
Тұрғындар қаскөйдің ауыл ішінен екеніне сенімді. Тәртіп сақшылары мен жергілікті билік шарасыздық танытып отырғанда халық енді кезекшілік құрып елді-мекенді өздері күзетуге шығыпты.
Loading...