"Қарағай орманындағы өрт Жабағылы ауылы тұрғынының кінәсінен шыққан",- деп хабарлады агенттікке өртке қарсы күрес департаментінің бастығы, полковник Серік Адамжанов. "Ол орманға МТЗ-80 тракторымен барып ұшқын тастаған, соның салдарынан қурап тұрған шөп тұтанып кеткен",- деді департамент төрағасы. Оның айтуынша, қазір олар ұсталған адамның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "Ормандарды құрту немесе зақымдау" жөніндегі 292-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өртті сөндіру барысында резерваттың орман қорғаушы үш қызметкері қаза тауып, тағы біреуі ауқымды күйікпен Шарбақты орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер ол әл үстінде деп отыр, оның денесі 100 процент күйікке шалдыққан.
Өртке қарсы күрес департаменті бастығының түсініктемесіне сәйкес, "адамдар
"УАЗ" күзет көлігімен өрттің ауқымын барлап жүрген. Олар қауіпсіз аймаққа бар-жоғы 80 метр жетпей қалды",- деді ол.
Бүгін өртті сөндіру барысында тағы бір ерікті күйікке шалдықты. 20 жасар жігіт Лебяжы аудандық ауруханасына жатқызылды. Оның арқасы, мойны мен иықтары күйіп қалған. С.Адамжановтың айтуынша, өрт 550 гектар орманды жалмап кетті. Қазір өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл - осы резерваттағы жыл басынан бергі екінші ірі өрт. 18-сәуірде болған өрт салдарынан Жаңаауыл ауылында үш үй мен бірнеше шаруашылық жайлары өртеніп кеткен. Тілсіз жау сонымен бірге 1 мың гектар орманды шарпыды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті