Павлодар облысындағы "Шарбақты" кеден бекетінде Ресей мен Қазақстанның біріккен тексеру-өткізу бекетін салу межеленіп отыр

"Шарбақты" кеден бекеті РФ Алтай аймағының шекарасында орналасқан.

Өткен аптада Павлодарда РФ Мемлекеттік кедендік бақылау мекемесі Сібір кедендік басқармасы мен ҚР кедендік бақылау агенттігінің Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстық департаменттері өкілдерінің жұмыс бабындағы кездесуі өтті. Павлодар облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, кездесуде кедендік бақылауды жүзеге асыру барысындағы ықпалдастық пен өзара жедел ақпарат алмасу тәртіптерінің схемасы дәйектелді.
Бұл мәселе Ресей мен Қазақстанның шекаралас кеден органдарының 2003-жылы Барнулда және биылғы жылдың мамыр айында Астрахань қаласында өткен кездесулерінде талқыланған.
Сондай-ақ, кездесу барысында кеденшілер екі ел арасындағы кеден ісі және кедендік заңнамаларды жетілдіру саласындағы қарым-қатынастарын дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді қарады.
"Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, ықпалдастық негіздері мен шекаралас кеден органдарының кедендік бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық негіздерін, сондай-ақ, оны дамытудың ең келешегі бар бағыттарын айқындап беретін хаттамаға қол қойды",- делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. Қазір кездесудің қорытынды құжаттары Қазақстан мен Ресейдің кеден қызметтері басшыларының қарауында жатыр.
Жоғарыда аталған эксперимент аясында "Шарбақты" кеден бекетінде халықаралық үлгідегі біріккен тексеру-өткізу бекетінің жаңа ғимараты салына бастады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 200 млн. теңге бөлу көзделген. Тексеру-өткізу бекеті "бір терезе" принципі бойынша жұмыс істейді деп күтілуде. Басқаша айтқанда, екі елдің шекарада орналасқан бақылаушы органдарының өкілдері - кеденшілер, шекарашылар, көлік, мал дәрігерлік және фитосанитарлық бақылау қызметкерлері бір ғимаратта жұмыс істейді. Бұл азаматтардың шекаралық бақылаудан өту мерзімін анағұрлым қысқартуы тиіс.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының Павлодар облыстық учаскесінің жалпы ұзындығы 800 шақырымға жуық. Бұл жерде 7 шекаралық, 3 ішкі кеден бекеті жұмыс істейді. Павлодар облысы Ресейдің Алтай аймағы, Омбы және Новосибирск облыстарымен шекараласады.