Қарттар күні мен мүгедектер күніне арналған "Шапағат" атты шара 10-қыркүйекте басталып, 1 айға созылады.
"Биыл Павлодар облысының құрылуына 65 жыл толатын торқалы той жылы екені мәлім. Облыстың қалыптасуы мен дамуына ардагерлеріміздің қосқан үлесіне баға жетпейді",- делінген Қ.Нұрпейісовтың мәлімдемесінде.
Қазір облыста 80 мыңға жуық соғыс және еңбек ардагері, жалғызілік зейнеткерлер мен мүгедектер тұрады. 2003-жылы "Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген азаматтарға әлеуметтік жәрдемақылар беру жөніндегі " бюджеттік бағдарлама бойынша оларды қолдауға 83,9 млн. теңгенің қаржысы бөлінді. Бұл қаржы соғыс және еңбек ардагерлерінің көлік шығынын өтеу және емделуге қолұшын беру, әлеуметтік аз қорғалған және жалғызбасты зейнеткерлерге материалдық көмек ретінде бөлу, мүгедектерге арнап арба-орындықтар сатып алу және оларды шипажайларда емдету мақсаттарына жұмсалады.
Облыс тұрғындарын акцияға қатысуға үндеген Қайрат Нұрпейісов, " барлық қарттарды, соғыс және еңбек ардагері, жалғызілік зейнеткерлер мен мүгедектерді қамқорлыққа алып, жақындарының жылуы мен шапағатынан айрылған жандарға мейірімділік танытайық" деді.
Көп балалы отбасылар, балалар мен зейнеткерлерге, жалпы кедейлер қауымына қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған осындай шара 2003-жылдың басында да өткізілген. Соның нәтижесінде облыстағы көмекке зәру 50 мыңға жуық адамға 25 млн. теңгенің жәрдемі көрсетілген.