Павлодар облысының тұрғындары лас су ішуге мәжбүр

-Павлодар қаласына қарасты Жаңаауыл елді мекенінің тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Шенеуніктер уәде еткен таза су еңбектеген баладан еңкейген қарияның басты мәселесіне айналған. Төрт жыл өтсе де арнайықазылған құбырларда бір тамшы су пайда болмапты.

85 жастағы Алдажар Сәмиев жұрт мына лас суды ішуге мәжбүр дейді. Қарияның өзі тіршілік нәрін кейде дүкеннен сатып алады екен. Бірақ оны қалтасы  көтере бермейді. Сондықтан отбасымен бірге құдықтың суын қайнатып ішеді. Он бала тәрбиелеп өсірген ақсақал таза суды тартып береміз дегендердің бос сөзінен жалыққан.

Алдажар Сәмиев, Жаңаауыл елді мекенінің тұрғыны:

-Қартайған шағымызда Алла, судың бейнетін көріп отырмыз. Оны көретұғын не аудан әкімі, не қала әкімі, аймақ әкімдері келеді. Құрғақ сендіріп кетеді, құрғақ айтады.

Осыдан төрт жыл бұрын жергілікті билік тұрғындарды бір қуантқан көрінеді. Сол кезде тасжолдар қазылып, ауылдықтарды орталықтандырылған су құбырымен қамтуды қолға алыпты. Әр үйге тартпаса да, әр көшеде құдық қазылған.  Бірақ, кейін жұмыс тоқтап, бұл бастама да аяқсыз қалыпты.

Берік Мәденов, Жаңаауыл елді мекенінің тұрғыны:

-Істейміз деді, үйлеріңе өздерің тартыңдар дейді. Бізде ондай ақша жоқ. Лаборатория нәтижесін алған мына кісі. Сөйтіп айтты, адамдар емес, малға да ішуге зияны бар деп сол судың.

Ауыл тұрғындары денсаулықтары үшін алаңдауда. Өйткені құдықтағы ауызсудың сапасы сын көтермейді. Ал атқамінерлер бұл тұрғыда жұмыс жүргізіп жатырмыз дейді. 

Ержан Асылбаев, Павлодар қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

-Қалалық коммуналдық шаруашылық деген мекеме бар. Қазір осы мәселеге қатысты барлық құжаттар солардың қолында. Ондағылар бұл істі  қарап жатыр. Су арнасы және санитарлық-эпидемиологиялық станциясымен де қажетті жұмыстарды бірлесіп істеп жатырмыз.

Орталықтандырылған жүйе орнатқандар ауыл тұрғындарына берілетін судың таза еместігін, мамандар тексергеннен кейін ғана бұл мәселеге нүкте қойылатынын айтады. Ал тексеру шараларына әлі бір айдай уақыт қажет екен. Сонда ғана ауыл тұрғындарының ауызына таза су тие бастайды деп сендірді. Жұрттың оны күткеннен басқа амалы жоқ.