Павлодар қалалық соты радиоактивті материалдардың заңсыз саудасына қатысты іс бойынша үкім шығарды

Сот павлодарлық екі тұрғын мен бір Ресей азаматына ҚР Қылмыстық істер Кодексінің "радиоактивті материалдардың заңсыз саудасы" жөніндегі 247-бабы, 2-тармағы бойынша екі жылға шартты бас бостандығынан айыру жазасын жүктеді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері 2003-жылдың маусым айында Павлодарда плутоний-239-дың изотопын сатуға әрекет жасап жатқан жерінен 3 адамды тұтқындаған. Ұсталғандардың екеуі Павлодар тұрғыны, ал енді бірі Саратов облысының тумасы, Ресей азаматы болып шыққан. Арнаулы операция барысында олардан радиоактивті зат болып табылатын плутоний-239 изотопы бар ампула мен 20 мың доллар көлеміндегі ақша тәркіленген.
Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында белгілі болғанындай, тәркіленген радиоактивті материал өрттен сақтануға арналған дабыл жүйесінде қолданылатын көрінеді.