Павлодар тұрғынының АҚШ-та не үшін тұтқындалғаны белгілі болды

Қазір Әсия Күшенова Леон графтығындағы түрмеде жатыр. Жерлесімізге мемлекеттік қорғаушы тағайындалып, тамыздың 26-сы күні соты өтпек.    Әсияның анасы павлодарлық Гүлсара Жүнісова кеше қызы мен жиеніне жете алмай отырғанын айтып, жұртшылықтан көмек сұраған болатын. Қызы осыдан үш жыл бұрын АҚШ-қа жұмысқа кетіп, былтыр сондағы жігітке тұрмысқа шыққан екен. Алайда, күйеуі аяғы ауыр әйелін тепкінің астына алып, күнде қорлық көрсеткен. Бұған шыдамаған Әсия Күшенова қашып кетіп, үйсіздер орталығын паналапты. Сонда Тамерлан есімді сәбиін дүниеге әкелгенімен, баласын да бөгде біреулер тартып алған. Анасы Гүлсара Жүнісова енді туған жиені мен қызының елге аман-есен оралуына мемлекеттің қол ұшын беруін өтініп отыр. Енді бұл іспен еліміздің сыртқы істер министрлігі айналысуда.


Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

-АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Күшенованың анасымен ұдайы байланыста. Оған АҚШ-тағы ҚР консулының ұялы телефонының нөмірі берілген. Мәселені СІМ жіті бақылауда ұстап отыр және қолдан келген барлық консулдық құқықтық көмек азаматшамызға көрсетілетін болады.