Анастасия Шарипова мектептен шыға салысымен бірден үйіне беттеген. Оны сол күні қасында болған құрбылары айтып отыр. Барлығы кешке қарай тағы көріспек болыпты. Бірақ 8-ші сынып оқушысы сол кеткеннен үйіне де оралмаған.
Марина Шарипова, Анастасияның анасы:
- Құрбылары оны жан-жақтан іздестіріп жатыр. Бөгеліп қалатындай, қызымның ешқайда болуы мүмкін емес.
Қазір 2 мыңдай түтіні бар ауылдың іші абыр-сабыр. Тәртіп сақшылары көше-көшені кезіп, жоғалған қызды жабыла іздестіріп жатыр. Тәртіпке берік оқушының қайда бет алғанын мектеп басшылығы да білмейді.
Жанат Көшеев, мектеп директоры:
- Ол негізі бізден 13:55-те мектептен шықты, видеокамерамызда тұр оның шығып бара жатқаны. Сол бойы сосын білмейміз қайда кеткенін.
Өткен дүйсенбіде сегізінші сынып оқушысы Анастасияның дәл осы жерден кетіп бара жатқаны бақылау камерасына жазылып қалған. Ол түстен кейін күзгі бал мерекесінің дайындығына келуге тиіс болатын. Алайда, содан бері төбе көрсетпей кеткен қызының жоғалып кеткенін ата-анасы мұғалімдерден естіп білген.
Таспадан тасаланып бара жатқан қыздың қызараңдаған кеудешесі ғана көрінеді. Ауыл іші де адам адасатындай жер емес. Дегенмен іздестіреу жұмыстарына жүзге тарта тәртіп сақшысы жұмылдырылып отыр. Ал амалы таусылған ата-ана қызымыз көрініп қалама деп, көп уақытын экранға телмірумен өткізуде.
Осыдан біраз күн бұрын да Ақсу қаласында 5 жасар бала иесіз стадион ішінен табылған болатын. Кейін туыстары бүлдіршінді ақпарат құралдарынан көріп алып кеткенін айта кетейік. Бұл оқушыны ідестіруге де бұқара бір кісідей атсалысып жатыр. 14 жасар қыздың суреті қазір маңайдағы елді-мекен тұрғындарына таратыла бастады.