Павлодарда «Алла» деген жазуы бар жұмыртқа табылды

Павлодар қаласының тұрғыны Бекболат Пішенбаев «Алла» деген жазуы бар тауық жұмыртқасын тауып алған, деп хабарлайды Baq.kz.

Тұрғынның айтуынша, ол әдеттегідей дүкеннен тауық жұмыртқаларын сатып алған. Бір жұмыртқада араб тіліндегі «Алла» сөзіне ұқсас жазуын байқап қалған. Ойланбастан, мешіт қызметкерлерінің көмегіне жүгініпті.

Павлодардағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Данияр Байдоллаев жұмыртқада «Алла» сөзі жазылғанын растады.

«Алла» сөзінің жұмыртқада көрініс тапқанын жақсы ырым деп білеміз. Осындай оқиғалар кезінде Жаратқан Иеміз әрдайым жанымызда екеніне көз жеткіземіз», - дейді Данияр Байдоллаев.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлының айтуынша, осы тектес оқиғалар бұған дейін орын алған.

«Дәл осындай жағдайлар күнде болып тұрмаса да, орын алып тұратыны шындық. Араб жазуын білмейтін аймақ тұрғындары бірден мешітке хабарласып, мән-жайды нақтылап тұрады. Бұл мешіт өкілдерінің тікелей қызметіне жатпаса да, қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамыз», - дейді Амантай Тойшыбайұлы.

Еске сала кетсек, былтырғы жылы Павлодар қаласының тұрғыны «Алла» жазуы бар алманы байқаған. Араға біраз уақыт өткен соң өңірдің ауылдарының бірінде «Алла» жазуы бар қозы туған.