Павлодарда анасымен ұрысып қалған 16 жастағы бозбала жоғалып кетті

Хабарсыз кеткен оқушының әкесі Игорь Кривошеевтың айтуынша, Дмитрий 9-ақпан күні үйден шығып кеткен.

“Дима ауырып қалуына байланысты әскерге тіркелу билетін сыныптастарымен бірге ала алмаған еді. Кейін әскери жетекші оған арнайы қағазды өзі алу керектігін және сабақты өзі реттеп беретіндігін айтқан. Сынып жетекшісі болса, Диманың анасына хабарласып, ұлының сабаққа келмей жүргенін айтқан. Дима анасына барлық жағдайды түсіндірген, алайда жұбайым оған сенбеді. Нәтижесінде араларында дау туындады. Ашуға бой алдырған бала «Мектепке мүлдем бармаймын, жан-жақтан қысым көрсете бересіңдер» деп үйден шығып кеткен”, – деді Игорь Кривошеев.

Әкесінің сөзіне сүйенсек, соңғы уақытта Дмитрий достарымен қарым-қатынасын үзе бастаған. Себебі олар шылым шегіп, ішімдік тұтынуға әуестене бастаған. Дима болса, әлеуметтік желіде көп отырмайды әрі баскетболмен шұғылданады. Химия, физика және алгебра пәндерін жақсы оқиды. Бірнеше мәрте қалалық олимпиадаларда жүлделі орынды иеленген.


“Біз полиция көмегіне жүгініп, телефондағы барлық таныстарына қоңырау шалдық. Алайда ешкім білмейді. Біз оның бұрын жұмыс істеп көрген жерлеріне де бардық. Ұлым телефонын үйде қалдырып кеткен. Тәртіп сақшылары ұялы байланыс құралына тексеріс жасап, оның туыстарымен басқа ешкіммен сөйлеспегенін анықтады”, – деді әкесі.

Дмитрий қызыл түсті қысқы күртеше, қалың шалбар, көк түсті бас киім мен қара шарф киген. Хабарсыз кеткен оқушы жайында кімде-кім білетін болса, 8-705-217-18-34, 8-775-519-70-50 нөмірлеріне хабарласуларыңызды өтінеміз.