Жол полициясының кезекші бөлімінен хабарлағанындай, қаланың солтүстігінен оңтүстік бөлігіне қарай қатты жылдамдықпен келе жатқан "Ауди-100" автокөлігі жаяу жүргіншілердің жолды кесіп өтуіне арналған жолақ үстімен өтіп келе жатқан үш баланы соғып кетті. Жол апаты салдарынан 2-ші сыныпта оқитын екі қыз бен бір ұл басынан жарақаттанып, қол-аяқтары сынып, облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Полиция ақпаратына сәйкес, балалардың мектептен қайтар жолындағы жаяу жүргіншілердің жолды кесіп өтуіне арналған жолақ бағдаршаммен реттеледі. Алайда, кейбір мәліметтерге қарағанда, апат кезінде бағдаршам жұмыссыз тұрған.
Жол полициясынан хабарлағанындай, тек жыл соңынан бері облыста 30 жол апатынан 32 бала зардап шекті.