Павлодарда белгісіз адам телефон коды арқылы 46 жастағы әйелдің атынан несие алған

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Тексеріс барысында қыркүйек айында жәбірленушіге белгісіз ер адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, қоңырау шалғаны анықталды, - дейді департаментте. - Ол әйелге 1 млн теңге көлемінде несие алуға рұқсат берілгендігін хабарлаған. Мұндай хабарды естіген жәбірленуші несие алуға өтінім бермегенін айтқан. Сол кезде қаскүнем несиені алып тастау мақсатында оған телефонға келген 4 таңбалы кодты айтуын сұраған. Жәбірленуші шын мәнінде құпия сөзді ауыстыру коды болып табылатын кодты айтып берген. Нәтижесінде кодты алған алаяқ жеке шотқа оңай қол жеткізіп, ақшалай қаражатты шешіп алған.

Полиция қызметкерлері азаматтарға сақ болып, жеке шоттарының пин-кодтарын бөтен адамдарға бермеу керек екенін еске салады.


Күмәнді телефон қоңырауы мен тексерілмеген ақпаратқа сенбеген дұрыс. Алаяқтық жасалған жағдайда бұл факті туралы тұрғылықты мекенжай бойынша құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.