Павлодарда бес жыл бойы қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, Ресейде бас сауғалап жүрген қылмыскер ұсталды

1999-жылы ол алты сыбайласымен бірге жүзеге асырған қарақшылық шабуыл үшін сотталған болатын. Жеке меншік үйге тонаушылық шабуыл жасау арқылы қылмыскерлер 1 млн. теңгені қолды болдырған. Бірақ олардың барлығы да ұсталып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айрылған. Қамаудағылардың бірі соттан кейін 10 күнге қаладан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат беріп босатылған жерінен Павлодардан қашып кетті.

Облыстық ІІББ-ның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қашқын Қырғызстанға барып, сол жерде басқа атпен, басқа жас мөлшерін көрсетіп жаңа құжаттар жасатып алған. Осыдан кейін Ресейдің Екатеринбург қаласына жетіп қоныстанған әлгі сондағы бір кәсіпорында менеджер болып істеген. Сол жерде некелесіп, аты-жөнін әйелінің фамилиясына өзгертеді.
Жігіт биылғы жылдың 9-маусымында туыстарына хабарласу үшін Павлодларға келген жерінен қолға түсті. Ол ұсталардан біраз уақыт бұрын әкесі Павлодар облыстық ІІБ-на хабарласып, ұлы жүрек ауруынан қайтыс болып, Ресейде жерленді деген құжат әкеліп көрсеткен.
Қазір тұтқын уақытша тергеу абақтысында отыр. Бұдан кейін ол бұрындары сот арқылы жүктеп алған жазасын өтеу үшін түзету мекемесіне жіберіледі.
Жігіт дәл қамауға алынатын күні балалы болған.