Павлодарда би клубының жетекшісі балаларға діни ілімдерден уағыз жүргізген

Д.Закарьяновтың айтуынша, "Престиж" спорт клубының директоры Владислав Польскихтың әрекеттеріне көңілі толмаған бір топ ата-ана департаментке шағым түсірген. Олардың айтуынша, клуб жетекшісі би сабақтарында кәмелеттік жасқа жетпеген жасөспірімдерді "Церковь Благодать" атты діни бірлестікке кіруге уағыздаған. Бірнеше жасөспірім бірлестіктің жиындарына қатысып та үлгеріпті.

Соның салдарынан ата-аналар балаларын клубтан шығарып алуға мәжбүр болған. Бір әйелдің айтуынша, би жаттықтырушысының ықпалы күштілігі сондай, ұлдары томаға-тұйық күйге көшіп, туған ата-анасының тіліне көнуді доғарған. Бала үшін психологтардың көмегіне жүгінге тура келсе керек.
"Тоталитарлық секталар 21-ғасыр қаупі" тақырыбы бойынша Ресейде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция "Церковь Благодать" діни бірлестігін қазіргі заманғы ең бір күйреткіш культтердің қатарына қосқан. Соған қарамастан, осынау шіркеудің бір филиалы осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодарда ресми тіркелді.
Д.Закарьяновтың пікірінше, "соңғы кездері облыста түрлі діни ағымдарға сенгіштер қатары ұлғайды. Жекелеген ағымдардың іс-қызметі мамандардың айтарлықтай алаңдаушылығын туғызып отыр". Осындай жағдайға мысал ретінде Д.Закарьянов Павлодардағы бір пәтерде қыз мумиясының табылу оқиғасын атады. Бір топ сектант қайтыс болған қыздың табытын үш жыл бойы түрлі ырым-жоралғылардың құралына айналдырып келгені мәлім.
"Республикамызды түрлі жалған діндердің атын жамылған эзотериялық, оккультті ағымдар жаулап алды деуге болады. Олардың іс-қызметі ағымның жетегінде кеткен адамдардың психологиясы мен денсаулығына кері әсер етуі ықтимал",- деді Д.Закарьянов.