Павлодарда "Дос-Мұқасан" ансамбліне ескерткіш қойылмақ

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын хабарлады.

"Бұл студент кезіндерінің өзінде тамаша ансамбль құрып, халықтың ыстық ықыласына бөлеген музыканттардың өнеріне деген тағзым,-дейді Ерлан Арын.

Ректордың айтуынша, таза қоладан құйылған ескерткіш Павлодардың орталық көшелерінің біріне қойылады". "Ал ескерткіште Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Санбаев, Александр Литвиненко, Шәріп Омаров, Бақыт Жұмаділов, Құрманай Омаровалар сомдалған,-деп түсініктеме берді ол.

Ескерткіштің құны -15 млн теңге. "Қаржының бір бөлігін университет қаражатынан бөлінеді. Ал қалғаны "Дос-Мұқасан" өнерін сыйлайтын демеушілер беретін болып отыр,-дейді Е.Арын.

Е.Арынның айтуынша, мүсіндер композициясын жасау туралы ойдың Павлодар топырағында тууы кездейсоқ емес. Ансамбль мүшелерінің көпшілігі Баянауыл жерінде туып өскендіктен қазір олар жиі келіп тұрады. Сонымен қатар, Павлодарда бірнеше жылдан бері "Дос Мұқасанның" әндерін үздік орындауға арналған "ДосStar" республикалық фестивалі үзбей өтіп келеді.

"Дос-Мұқасан" вокальды-инструменталды ансамблін 1967 жылы Қазақтың политехникалық институтының студентттері құрған. Жас музыканттар көне халық әндері мен өздері шығарған өлеңдерді орындайтын. Ол әндері бірден танымал болып кететін Ансамбль 1971 жылы Ташкентте өткен Бүкілодақтық халықтар достығы фестивалінде 1-ші орынды жеңіп алып, ресми түрде танымалдыққа ие болды.

"Дос-Мұқасан" Минскіде өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауында лауреат болды, ал Берлинде болған Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде алтын медальды жеңіп алған. 1974 жылы "Дос-Мұқасан" ансамблі Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті