Әуежай өкілдерінің ақпаратына жүгінсек, 26-қарашада "Эйр Астана" әуе компаниясы Павлодар-Алматы бағытында күн сайын қатынайтын №306 рейске қызмет көрсететін ұшақ түрін өзгертуге байланысты Павлодарға "Фоккер" ұшағының орнына "Ан-24" ұшағы келген. Мамандардың айтуынша, "Ан-24" ұшағы бортқа "Фоккер" ұшағымен салыстырғанда артық жанармай алуға байланысты, 50-дің орнына 38 жолаушы отырғызады. Соның салдарынан аталмыш рейске билет алған алты жолаушы ұша алмай қалды.
"Павлодар әуежайы"АҚ-ның жолаушы тасымалы бөлімінің қызметкерлері мен заңгерлері бұл дерек бойынша акт рәсімдеді. Ұшаққа жіберілмегендердің арасында іссапарға шыққандар мен жерлеу рәсіміне бара жатқан бір адам болған. Әуежайдағылар жолы болмай қалған жүргіншілер сотқа шағым түсіруі мүмкіндігін жоққа шығармайды.
"Павлодар әуежайы"АҚ-нан хабарлағанындай, тағы да осындай оқиға Павлодарда 28-қазанда шыққан. Ол жолы 10 адам Алматыға ұша алмай қалған болатын.
Расталмаған ақпарат бойынша, "Эйр Астана" әуе компаниясының Павлодардағы өкілдігінде қазір басшылық ауысып жатыр.