-Арнайы сынақ жүргізген эколог мамандар жанар-жағармай компаниясына жер асты суын ластады деген айып тағуда. Бүгін ауданаралық экономикалық сот бұл іске қатысты өз жұмысын бастады. Ал қоршаған ортаның ластануын аталмыш мұнай базасы маңында орналасқан саяжай иелері анықтаған.
«Гелиос» компаниясының мұнай базасы Ертістің трансшекаралық су қорғау аумағында орналасқан. Жергілікті экологтардың айтуынша, жаз айларында осы аумақтағы саяжай иелері судың бензин татитынына шағымданыпты. Бұған қоғам белсенділері өздері жүргізген зерттеу жұмыстарынан кейін көз жеткізген.
Ержан Оразалинов, эколог:
-Біз саяжай аумағындағы ұңғымалардан анализ алып, арнайы зертханаға тапсырдық. Нәтижесінде судың құрамында мұнай өнімдерінің он есе асқаны анықталды. Сондықтан облыстық экология департаментінен тексеріс жүргізуді сұрадық.
Бірақ алпауыт компания табиғат жанашырларының да, Экология департаментінің де ескертуін құлаққа ілмеген.Ақыры тараптарбүгін сотта кездесті. Бірі уланған суды пайдаланған жұртты айтса, енді бірі өз қол астындағы компанияның мүддесін қорғауда.
Игорь Ефремов, компания заңгері:
-Мұнай сақталатын орындарда бізде арнайы бетон қойылған. Яғни, өнім мен қалдықтарды сақтауда техникалық талаптар сақталған. Облыстық прокуратура мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті олқылық тапқан жоқ.
Аталмыш компания бір ғана Павлодар қаласының 35 пайызын жанармаймен қамтып отырғанын айта кетейік. Онсыз да бензин тапшылығы өршіген тұста «Гелиостың» жұмысын ешкім тоқтатпасы анық. Дегенмен қоршаған ортаға жаны ашыған қоғам белсенділері соттан әділ шешім күтеміз деп отыр.