Павлодарда эстрадалық әндер орындаушыларының облыстық байқауы өтті

Оның іріктеу кезеңіне аймақтың қалалары мен аудандарынан 110 бала қатысса, финалда 26 жас әнші сайысты.

Павлодардағы № 21 мектеп оқушысы, жас орындаушы Максим Татарский бұл байқаудың «жаңалығы» болды - оған бас жүлде берілді.

Жүлдегерлер арасында Құрманғазы атындағы № 1 музыкалық мектебінің тәрбиеленушілері Самал Сұлтанғазина мен Сағынай Сағиденов, Баянауылдан келген оқушы Лейла Қайыр, Ақсудағы Үштерек ауылынан Аманбол Сейілхан мен Лебяжі ауданынан келген жас әнші Аделия Мәжитова болды.

Жеңімпаздар естелік белгілермен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, барлық қатысушыларға ынталандыру және арнайы сыйлықтар табысталды. «Сыңғырлаған әуен» жас дарынды әншілердің жаңа есімдерін ашып, талантты балалар үшін музыка және эстрадалық өнер әлеміне жетелер алаңға айналуда.