27 жастағы Евгений Пихутько әйелімен бірге құдықта өмір сүріп жатқанына 1 жылға жуықтапты. Ол Екібастұздағы балалар үйінің түлегі. Ал, азаматтық некедегі әйелі Надежда Храмцова Павлодарға Солтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген.
"Әлеуметтік орталықтарда қаңғып жүргеннен көрі осы құдықта өмір сүргеніміз дұрыс. Бірақ, кей-кейде бұл жерде де қауіпті жағдайлар туындайды. Мәселен, жуырда бейтаныс ер азаматтар келіп, мені қорқытты. Бұл жерден кетуімді талап етті. Мен №10 полиция бекетіне барып арыздандым, бірақ, ол жердегілер тыңдағысы да келген жоқ. Мұндай өмір кімге ұнасын? Балалар үйінен кейін жұмысқа орналасуым өте қиын болды. Ал, қазір сотталғам. Бірақ, тамаққа ақша табуға тырысамын", - дейді Евгений.
Бұрынғы шәкіртінің ауыр тағдырынан хабардар болған Екібастұздағы балалар үйінің директоры Нағима Әбдрахманова Женяны қайта шақыртып отыр. Қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екенін де айтуда. Айтуынша, орталықты бітіріп шыққан түлектер көмек сұрап жиі келеді екен.
"Мәселен, жуырда біздің түлектеріміздің бірі келді. Жасы 30-дан асқан ер азамат. Ол құжаттарын рәсімдей алмай жүр екен. Біз ешкімге "жоқ" демейміз. Өйткені, мұндай жандардың бұл өмірде ешкімдері жоқ. Евгений біздің орталықты 2008 жылы бітіріп шыққан. Анасы келді, жоспарларымен бөлісті. Алайда, жоспарларын жүзеге асыра алмаған болар. Бізге келсін, аяққа тұрып кетуіне көмектесеміз", - дейді балалар үйінің директоры.