Оймақтай қақпақтың жабылмағанынан ойраны шыққан мына баспана енді толығымен жарамсыз болып қалды. Баллоннан сыздықтап шыққан газ пештің аптап ыстығына араласып, лап ете түскен. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, іргелес пәтерлердің қабырғалары шытынап кетіпті.
Нұргүл Ахметова, көршісі:
-Кешке жақын теледидар көріп отырып, бомба жарылғандай болды. Соның зардабынан далаға атып шығып, жан-жағыма қарасам, көршімнің қабырғасы қақырап кеткен. Не істерімізді білмей жүгіріп, жолдасымызды шақырдық. өзіміз абдырап қалдық.
Дабыл қаққан да дәл осы көршілер. Кешкі тоғыздар шамасында жеткен жедел топ өртті бір сағатқа жетпей өшірді. Бөлмеден төбеге ұрған отты екі автоцистернамен әупірімдеп сөндірген. Тек, шығып үлгермеген тұрғындардың екеуіне иіс тиіп, күйік шалғанша қимылсыз жатыпты.
Рымбек Қабиден, тілші:
-Кешкі асты дайындамақ болған қарт әже мына жердегі баллонның қыздырғышы тұтанбағасын, сөндіруді ұмытып кетіпті. Онысын жалын бұрқ етіп, аяғы жана бастағанда есіне түскен.
Қазір ол күйікпен ауруханаға жатқызылды. Жаны қысылған сәтте үш баласының бірі де қасынан табылмаған.
Мария Русакова:
-Мен ұлымды «өртеніп барамын» деп көмекке шақырдым. Сол кезде диванда отыр едім, аяғымды іліп әкетті.
Дер кезінде демеуге шамасы жетпеген 40-тан асқан ұлына да иіс тиіп, таксикология бөліміне жеткізілді. Есін енді жиған жігіт сол кеште арақты әбден сілтеген екен.
Талғат Омаров, Павлодар облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-Оқиға орнында бос бөтелкелер табылды. Пәтер иесі спирттік ішімдікке тойып алып, газ баллонды жабуды ұмытып кетті деген болжам бар.»
Өткен тәулікте де тура осындай оқиға болып, тағы екі адамды күйік шалған. Бұл жолғы 15 шаршы метрді тас талқан еткен баллон да атылмас бұрын бықсып, жанбай қойыпты.