Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияға Павлодар қаласындағы ЖШС бірінен ақша қаражатының ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Келтірілген шығын көлемі шамамен 25 млн теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер кәсіпорынның күзетшісі болған күдіктіні анықтады.
Полицейлер бау-бақша серіктестіктерінің біріндегі саяжай учаскесінде тінту жүргізу барысында 24 млн теңге көлеміндегі ақша қаражатын тапты. Ақша алма ағашының түбіндегі кастрөлдің ішіне жасырылған.
- Күдікті ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген ақша қаражаты қылмыстық іс материалдарына заттай дәлелдеме ретінде тіркелді, — дейді Павлодар қаласы ПБ полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.